Қазақ пен қырғыз тең жайлаған Алатауды бөктерлеп, батқан күнді қуалай автокөлікпен жол тартсаңыз көрген де боларсыз. Алматыдан 60-70 шақырым ұзаған соң, cол жақ қапталда созылықты келген кеуделі бір тау кездеседі. Оқырадан қашып, отар қойдың ішіне кіріп кеткен өгіздей болып тапал таулардың ішінде өзгеше көрінеді өзі. Қасыңызда жер танитын, көкейдегі сауалды көзден ұғар сұңғыла кісі болса, бұл «Суықтөбе» дер... Артынша Суықтөбенің қай жерден басталып, қай жерден аяқталарын, оның атауы, сай-саласын мекен қылған аң-құс туралы біраз мағлұмат берер, әңгімешіл болса әлбетте. Серігіңіз Суықтөбені таныстырып болам дегенше Суықтөбеден биіктігі кем соқпайтын тағы бір таудың тұсына таяп барасыз. Бұл Қоңыртөбе. Иә, иә әлгінде көргеніңіз Суықтөбе, мынау Қоңыртөбе. Екеуі де аттылы адам азаннан кешке дейін асып болмайтын, алып тау болғанмен қазақ үшін тек төбе ғана. Осы сәт, асқар тауларды төбе атаған қазақтың биіктікке деген талабына таңданып, басыңызды бір шайқарсыз. Ақ тақия киген молдадай жаздың шілдесінде басынан қар кетпеген заңғарға зулап бара жатқан көлік терезесінен қайта-қайта қарағыштайтыныңызды да білем. Өз көзіңізге өзіңіз сенбесеңіз, тіпті тоқтап тұрып «төбе емес –тау екеніне» көз жеткізуге болады. Фотоапаратыңыз болса, суретке түсіріп алаңыз... Осылайша санаңызды серпілтіп алып, темір тұлпарға бір қамшы бассаңыз Кенен атам қоныс қылған Қордайдың кеңқолтығына да кіріп кетесіз....
Осы Қоңыртөбенің етегінде Сарықойын (тұрғылықты халық Сарықоян деп атап кеткен) деген жер бар. Сай-саласында сандаған бұлақ аққан, тасына дейін құрақ шыққан жазиралы мекен. Сарықойынның тағы бір байлығы бөктердегі алмабағы. Күзге салым, біздің ауылдың балаларын осы маңнан табасың. Тай-құнанға, есекке мінгескен қараборбайлар аптасына бір мәрте қоржындарын толтырып қайтады. Сол ойын балаларының арасында тұрқы биік торысын тепеңдетіп шоқша сақалды бір қарашалда жүретін бұрынырақта. Ылғида емес, айына бір рет, кейде екі рет төбе көрсетеді. Балалар жапа-тармағай алма теруге кіріскенде ол кісі бөктерді бойлап шоқырақтап кетеді. Сырт қараған кісі, бошалаған сиырын іздеген малшы шығар деп ойлап қалуы да ғажап емес, әрбір жота, сай-саланы сүзіп шығады. Қайта айналып келіп, торысын ағаштардың көлеңкесіндегі көгалға тұсап, аткөрпесін төсеп жантайып көз шырымын алады. Құс ұйқы о кісінікі, бас-аяғы 10 минутқа созылады ары кетсе. Оянған соң аулаққа барып дәрет алады, біреуінің өзі баланың басындай болатын балбырап піскен апортты тәбеті шапса асықпай аршып, терсіңді болған беторамалын жайып жіберіп қарбыз тілгендей турап жейді. Зауқы болмаса балбал тасша шоқиып отыратын да қоятын. Аңғарған адамға жұдырықтай қарашалдың жүрегі әлденеге алаңдаулы екені байқалатын, жанқалтасынан бәкісін түсіріп алып таппай жүрген кісідей беймаза. «Ағашты сілкілемеңдер, тамыры қозғалады, бұтақтарын сындырмаңдар, Әй Райжанның баласы түс ағаштан» деп, ара-тұра бақша ішін базарға айналдырған балаларға айқайлап қоятыны бар. Намаз уақыты болғанда бақшаның батыс жақ беткейіне шекпенін жайып жіберіп, құлшылығын жасайды. Әлде қарияның ақылымен, әлде өздерінің әдеті әйтеуір балалар осы сәт, имамға ұйыған жамағаттай жинала қалатын. Қарашалдың дұғасына қол жайып бет сипайтын бәрі. Кей кезде қарашалдың батасы ұзаққа созылып кетеді. Ақарыс, Бекарыс, Жанарыстан бастап, Бәйдібек баба, Домалақ анадан қайырып өзінің әке-шешесіне дейінгі аталарын тізбелеп, дұға қылатын....