Көкшетау
…Көкшетау сексен көлдің саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа жұпар иісін
Көкірек қанша жұтсаң тоясын ба?!
Көз алдына көк мұнар жамылған, ақ жауыны себелеген, айна көлдерінің ақ толқындары, етегін ерке көлі шайған Көкшетау қаласы келеді. Біз тұрып, тірлік кешіп келе жатқан Көкшетау осындай талай жұрттың арманына айналған қала! Көкшетау көлемі 420 шаршы шақырым, 150 мыңнан астам халқы бар шағын қала. «Еліміздегі көл жағалай орналасқан бірден бір қала» деген ерекшелігі тағы бар. Қаланы қақ жарып, сылдырап аққан Қылшақты да қызығы таусылмас өзен. Көп жұрт қырып тастамаса да қармақ салып, шабақ аулап,үлкендер тұмшалаған ауыр ойдан айығып, балалар күміс қанат шағаларға жем лақтырып, мәз-мәйрам болысады. Іргесіндегі Бұқпа тауы әрі көрік, әрі ық. Тұрғындардың тауға өрмелеп, шаңғы теуіп, серуен құруына қолайлы. Қора-қопсысыз, мал ұстап, шөп шауып, көң тасымайтын, қимыл-қозғалысы аз қалалықтардың бой жазып, ой сергітуіне таптырмайтын орын. «Ауасы дертке дауа», шуы аз, көшелерінде көлік кептелісі жоқ, демалыс орындары іргеден басталатын курортты қаладан ірі қалаға бара қалсаңыз басыңыз айналып, миыңыз зеңитіні бар. Көкшетаудың көп тұрғыны басқа шаһарға бара қалса, қайтып өз қаласымен қауышқанша асығады.
Көкшетау өңірінің тарихына Сәкен Сейфуллиннің “Көкшетау”, Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмалары, Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Жақан Сыздықов, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, т.б. ақын-жазушылардың шығармалары, Манаш Қозыбаев, Жанұзақ Қасымбаев, т.б. тарихшы-ғалымдардың зерттеулері арналған.