Ответ:
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры - Алматыдағы ірі қазақ театрларының бірі. Абай даңғылында орналасқан.
Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды.
1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды.
1930-жылдардың 1-жартысында қазақ жерінде кеңес өкіметі тұсындағы ұжымдастыру шараларын жүзеге асыру барысын бейнелейтін пьесалар қойылды. Осы жылдары К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Бейісов, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, К.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ш.Айманов, С.Майқанова, З.Құрманбаева, С.Телғараев, А.Абдуллина, О.Жұмағұлов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Г.Сыздықова, т.б. сахна шеберлерінің келуі театрдың күрделі драмалық шығармаларды меңгеруіне жол ашты. Сондай-ақ, театрға арнайы шақыртумен келген орыс режиссерлерінің де (М.Г. Насонов, И.Г. Боров, .А. Соколов, Ю.Л. Рутковский, М.В. Соколовский, Я.П. Танеев) еңбегі ерекше болды. Олар қойған әрбір спектакль актерлердің нағыз сахна мектебіне айналды. Режиссер Насонов Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясын (1933) қайта қойды. Ол спектакльдің сахнада бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі үрдісін сақтаумен бірге, басты рөлдердің (Еңлік – Байсейітова, Кебек – Байсейітов) психологиялық тұрғыда шешім табуына баса назар аударды. 1934 ж. Қазақ драма театрынан музыка театр (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры), т.б. өнер ұжымдары бөлініп шықты. 1935 – 1937 ж. М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мүсіреповтың тарихи тақырыптағы туындылары, орыс кеңес драматургиясынан, орыс және шет ел классикасынан қойылған спектакльдер театр ұжымының шығармашылық бағыт-бағдары мен ізденіс-табыстарын айқындады. 1941 – 1945 ж. туған елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін, адамдарымыздың асқақ, адал, ынтымақшылдық рухы мен берік достығын, майдан мен тылдағы қаһармандық күресін көрсететін пьесалар театр репертуарынан мол орын алды. Театр труппасына Алматы, Москва, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген маман актерлер келіп қосылды.
Театрдың қойылымдарыӨңдеу
Театр сахнасында ерлікке толы ұлы өмірлер, патриоттық — отаншылдық сезімдер, жанқиярлық ерен еңбектер жан-жақты жырланатын қойылымдармен қатар, халқымыздың рухани асыл армандары мен мұң-мұқтаж, талап-тілегін бейнелейтін тарихи-эпостық тақырыптағы шығармаларға да көп ден қойылды. М. Әуезовтың «Абай», «Еңлік — Кебек», «Қобыланды», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакльдері шығармашылық үлкен жеңіс болды.
Театр ұжымы орыс және батыс еуропа драматургиясының классик. туындыларынан Н.В. Гогольдің, М.Горькийдің, А.П. Чеховтың, Лопе де Веганың, Шекспирдің, М.Метерлинктің, К.Гоццидің пьесаларын қойды. ТМД елдері драматургиясының таңдаулы туындылары да театр репертуарынан берік орын алды. 1980 – 90 ж. бүгінгі күн тақырыбына жазылған, басқа да алуан жанрлы драм. шығармалар театр сахнасына шықты. А.Сүлейменовтің “Төрт тақта жайнамаз” (1989, реж. Ә.Рахимов), Ж.Аймауытовтың “Ақбілек” (1990, реж. А.Әшімов), Ш.Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” (1990, реж. Ә.Мәмбетов), т.б. туындылары театр сахнасына шықты. 1990 жылдан кейінгі кезеңде театр репертуары жаңа шығармалармен байып, әлемдік және қазақ драматургтерінің классик. шығармаларын көрермендер назарына ұсынды, кейбіреулерін қайта сахналады. У.Шекспирдің “Кориалан” (1991), “Асауға тұсау” (1994), С.Жүнісовтің “Кемеңгерлер мен көлеңкелер” (1994), Сүлейменовтың “Жетінші палата” (1993, барлығын сахналаған реж. Ә.Мәмбетов), Иран-Ғайыптың “Шыңғысхан” (1994, реж. Б.Атабаев), К.Гоццидің “Турандот ханшайым” (1994, реж. Әл-Тарази), М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” (1996, реж. М.Байсеркенов), Р.Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” (1996, реж. Атабаев), М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” (1997, реж. Қ.Сүгірбеков), Әуезовтің “Қилы заман” (1997, реж. Рахимов), “Қарагөз” (1997, реж. Мәмбетов), Шахимарданның “Томирис” (2000, реж. Әл-Тарази), Ш.Айтматовтың “Ана – жер Ана” (2002, реж. Мәмбетов), Г.Гаутман “Ымырттағы махаббат” (2002, реж. Р.Андриасян), т.б.
Соғыстан кейінгі жылдары бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті, республика еңбеккерлерінің жаңа тұрмыс-салтын, ұжымдастыру құрылымын нығайту және кеңестік қатаң жүйеге негізделген жаңа қоғам орнату жолындағы күресін баяндайтын, қазақ зиялылары мен жастардың мақсат-мұратын, ізгі арман-тілегін бейнелейтін Ә.Әбішевтің “Достық пен махаббат” (1947, реж. Айманов), “Күншілдік” (1955, реж. М.И. Гольдблат), “Мансап пен ұждан” (1974, реж. Ә.Мәмбетов) және “Кәусар” (1985, реж. С.Асылхан), Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” (1950, реж. А.Тоқпанов), т.б. авторлардың сахналық шығармалары көрермен көңілінен шықты.