Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекен еткен. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан мен Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны ғылымда Андрон мәдениеті деп атайды. Ерте темір ғасыры дәуірінде (біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдық ортасы) Қазақстанда тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті.