Туған тілім - асыл анамның әсем үнімен бойыма сіңген ана тілім. Әр адам өз анасын қалай қадірлеп сыйласа, туған тілін де солай құрметтеп, сүйе білуі керек деп ойлаймын. Ана тілің - арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте,- Қадыр Мырза Әли атамыздың осы өлең жолдары нақыл сөз боп кетті. Бұл өлеңнен көп нәрсені байқауға болады. Ана тілді арға, ұятқа теңеп тұр. «Өзге тілді білу - мақсатың, ал өз ана тіліңді құрметтеу - міндетің», – дейді ақын ата. Мағжан Жұмабаев атамыз «Қазақ тілі» өлеңінде: Ерлік, елдік, қайрат, бақ, ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың. Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!- деп жырлайды. Яғни, қазақ халқының басынан әр түрлі жылдарда ашаршылық, ұлт¬ - азаттық қозғалыс, жаугершілік, отаршылдық секілді қиын заман өтті, бірақ халқымыз қайыспай, ұлт болып аман қалды. Бабасынан қалған алтын мұрасы тілін ұмытпады. Батыр аталар, қайсар аға - апаларымыз өмірдің қиын өткелдерінен ұлтымызды адастырмай алып шықты. Сөйтіп, көптен аңсаған, барша халық арман еткен тәуелсіздікке де қолымыз жетті. <span>Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр азаматының жүрегі Әнұранды айтты, барша халық туған тілі – Қазақ тілімен қайта табысты.</span>