Әже - баланың әкесінің, сондай-ақ, анасының шешесін атайтын, туыстық қатынасты білдіретін атау. Одан арғылары үлкен әже немесе ұлы әже деп аталады.[1]
Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже - отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі Қазақ қоғамында әдетте жас отау иелерінің тұңғыш баласын әжесі бауырына салады. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені әжесі тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Балажан қазақ үшін ата мен әжеге жас сәби жай ғана ермек емес, тәрбиеленуші ерекше субъект. Тарихта күллі рулы елге ана болып саналған Айпара әже, Домалақ ене, Зере, Айғаным секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда сомдалған.
Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің алдын көрген балаға былайғы жұрт тәрбиелі бала деп баға береді. Әже тәрбиесі көбіне «олай істеме, былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы»деген вербалды сипатта, ақылгөйлік мазмұнда болып, әженің мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Осылайша жас бала қазақы ортадағы моральдық-этикалық нормалармен таныса отырып, адами тұлғаның қалыптасуына ғана емес, дәстүрлі ырым-тыйымдар жүйесінің қағидаттарын біртіндеп бойына сіңіре бастайды.
Ұл баланы қазақ халқында тәрбиелеу басты орынды алған. Өйткені ұл бала кейінгі өзінің отбасының басшысы, ел қорғаушы азамат болады. Ұл бала тәрбиесімен көбінесе әкелері айналысқан және ақыл-кеңестерді өзі беріп отырған.
Қыз баланы кішкентай кезінен анасы үй шаруаларын жасауды үйреткен. Қыздарды аналары инабатты, ақылды, байсалды болуға үйреткен.