«Қыпшық» сөзінің шығуы жайында əр алуан жорамал, аңыздар бар. Ал этнонимнің қалыптасу төркінін дəл анықтаудың тақырыпқа берері көп. Оны жаңа қырынан ашып, бар болмысымен жарқырауына жол ашады.
Кезінде араб, еуропа саяхатшылары «қыбчақ», «қыпшақ» деп жазғанымен, ол сөздің байыбына бармаған.
«Қыпшақ» сөзінің этимологиясына əлсіз меңзеу алғаш рет «Оғыз-намеге» түскен. Оғыз туралы аңыз б.ж.д. мыңжылдықтарға иек артатын өте көне аңыз. Ал бізге жеткен «Оғыз-наме», нұсқасы — оқиғалық желісі, тайпалық құрылымы, жəдігерліктің тілдік ерекшелігіне қарағанда X ғасырда қайта құрастырылған нұсқасы деп шамалауымызға болады. Яки қыпшақ қауымы айдай əлемге белгілі болған кезде хатталған. «Оғыз-наме» қыпшақ есімін ағашпен байланыстырған [1; 118].
Қыпшақтар туралы екінші жазба дерек Рашид-ад-Диннің «Джами ат-Тауарихында» кезігеді. Кітап 1300–1311 жылдар аралығында түзілген. Онда қыпшақтардың шығу тегіне меңзейтін екі дерек бар. Бірінде қыпшақ атты ұлдың өзеннен ағаш салмен өтіп жатқанда туғаны баяндалады да, екіншісінде Итбарақ еліне сəтсіз шабуылдан қайтып оралар жолда қыпшақты ағаштың қуысынан тауып алған. Шежіреде «қыпшақ» сөзіне төмендегідей түсінік берілген. «Бұл сөз «кобук» сөзімен тамырлас, түркіше «өзегі шірік ағаш» деген» (Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. — М.Л., 1952. — Т. І. — Кн. І. — С. 84).
Ал Əбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» қыпшақ сөзінің мағынасы туралы өз түсінігін барынша таратып жазған: «Үндістан мен Қытайдың арасында, мұхиттың жағасында, Таңғұттың қыста күн шығысында, жазда оңтүстік-шығысында, биік таулардың арасында көп елдер бар еді, патшасының атын Итбарақ дер еді. Оғыз хан оған шабуыл жасады, үлкен ұрыс болды. Итбарақ жеңіп, Оғыз хан қашты. Ұрыс болған жердің бергі жағында екі үлкен өзен бар еді. Сол екі судың арасында тоқтап, қашқан əскерін жиыстырды.
Ұлы патшалардың алыс сапарға шыққанда əйелдерін алып жүретін əдеттері болатын. Осы əдетпен нөкерлерінің кейбіреуі де əйелдерін ала жүруші еді. Оғыз ханның бір бегі де əйелін алып барып еді. Өзі ұрыста өліп, қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Əйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ, бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан: «Əкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ» деп атын Қыпшақ қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты қыпшақ дер еді, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын қыпшақ қоюы содан еді. Бұл кезде іші қуыс ағашты шыпшақ дейді. Қара халық тілі келмегендіктен, к-нің орнына ш- айтып кеткен. Бұл баланы хан өз тəрбиесінде ұстады, жігіт болғаннан соң көп ел жəне нөкер беріп, Оғыз ханға жау болған орыс, олақ, мажар, башқыр елдеріне жіберді. Қыпшақ үш жүз жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында патшалық етті. Барша қыпшақ елі соның нəсілінен шықты» [2].
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Əнес Сарай «Қыпшақтар» атты көлемді мақаласында былай ой өрбітеді: «Асылында, Рашид-ад-Дин жəне Əбілғазы пайымдауларына қателік енген сияқты, қабық іші қуыс ағаш емес, сырт көмкерме қабық қана, онда өзегі шірік деген мағына жоқ. Дейтұрғанмен, тарихшылар иек артатын бұл шежірелер не себепті — қыпшақты іші қуыс ағашпен шендестіре береді? Анық-қанығы ұмытылып, көмескіленген бір қисын бар сияқты. Біздіңше, «Оғыз-наменің» Еділден өткенде сал қылып буған ағашы, Рашид-ад-Диннің «кобуқы», Əбілғазының «қыпшақ», «шыпшағы» — бəрі де «қу ағаш» дегендік. Шамасы кейінгі ғасырларда «қу» сөзінің мағынасы көмескіленгендіктен, жоғарыдағы авторлар «өзегі шіріген ағаш» деп түсінік беруге мəжбүр болған. Ол түсінік қыпшақ сөзінің түп мағынасын өзгертіп жіберген