Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол - Ана. Балапаның қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да - Ана. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Біз - қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымыз. Қыз Жібек пен Баян Сұлудың, Мәншүк пен Әлияның сіңлілеріміз.
<span>Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана - барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана - ұлы адам, қасиетті жан. Тіпті айта берсең сөз жетпейді. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Құдайдан кейінгі құдірет иесі - Ана. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз. </span>