Қазақстан тәуелсіздігін алғалы 5 жазғы және 5 қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. 1988 жылға дейін қазақ спортшылары КСРО құрамасының қатарында өнер көрсетті.
1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында да Қазақстан спортшылары Біріккен команда құрамына енді. Бүгінге дейін ел қоржынына спорттың жазғы түрлері бойынша 58 олимпиада медалі мен спорттың қысқы түрлері бойынша 6 медаль түскен.
Күні кеше аяқталған Лондон Олимпиадасы қазақ елі үшін жемісті болды. Бұрын-соңды отандық спортшылар мұндай жоғары жетістіктерге қол жеткізбеген еді. Бүгін тарихқа көз жүгіртіп, ел намысын қолдан бермеген, көк байрағымызды көкке көтерткен толағайларымызбен қайта қауышсақ.
1996 жылы Атлантада (АҚШ) өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан тұңғыш рет өз қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль салды.
Василий Жиров - Олимпиада чемпионы, боксшы, 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Олимпиада нәтижесі бойынша Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы қазақ боксшысы.
Юрий Мельниченко - грек-рим күресі бойынша Олимпиада чемпионы, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Қазақстанның Еңбек сіңірген бапкері.
Александр Парыгин - Олимпиада чемпионы, бессайысшы.
Тәуелсіз Қазақстанның екінші Жазғы Олимпиадасы Сиднейде (Австралия) өтті. Онда да спортшыларымыз ел абыройын асқақтатып, 3 алтын, 4 күміс медальді қанжығаларына байлады.
1-нші орын алған спортшыға ел үкіметі 100 мың АҚШ доллары, 2-нші орын алған спортшыға - 50 мың АҚШ доллары, ал 3-нші орын алған спортшыға 30 мың АҚШ доллары көлемнде сыйақы тағайындады.
Ермахан Ыбрайымов - Олимпиада чемпионы, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, боксшы.
Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Ольга Шишигина - Олимпиада чемпионы, кедергілермен 100 м жүгіру бойынша байрақты спорт додасының жеңімпазы атанды.
2004 жылғы Афин Олимпиадасына ұлттық құраманы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті бастап барды. Ұлттық құрамаға спорттың 17 түрі бойынша сайысқа түскен 119 спортшы кірді. Спортшыларымыз ел қоржынына 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль салды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 40-ншы орынға тұрақтады.
Бахтияр Артаев - Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Қазақстанның ұлттық Олимпиада құрамасы XXIX Жазғы Олимпиада ойындарына 132 спортшысын апарды. Олар 22 спорт түрі бойынша бәсекеге түсті. Бейжің Олимпиадасында Қазақстан спортшылары 29-ншы жалпыкомандалық орынға тұрақтады. Ел қоржыны 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медальмен толықты.
Бейжің Олимпиадасының алтыны үшін ел үкіметі 250 мың доллар, күміс жүлдесі үшін - 150 мың доллар, ал қола жүлдесі үшін 75 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындады.
Бақыт Сәрсекпаев - Олимпиада чемпионы, боксшы, 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Илья Ильин - Қазақстанның екі дүркін олимпиада чемпионы. Ауыр атлетші. Бейжің Олимиадасында Илья жұлқа көтеруде 180 келіні, серпе көтеруде 226 келі салмақты еңсерді. 94 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсетті
ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 115 спортшымен Тұманды Альбионға аттанды. Байрақты бәсекеде ел спортшылары 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен 12-нші жалпыкомандалық орынға көтерілді.<span> - велошабандоз. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.</span>
Зульфия Чиншанло - ауыр атлет, Олимпиада чемпионы, 53 келіге дейінгі топта өнер көрсетті.
Майя Манеза - ауыр атлет, Олимпиада чемпионы, 63 келіге дейінгі топта өнер көрсетті.
Светлана Подобедова, 291 келі салмақты еңсеріп, Олимпиада чемпионы атанды. 75 келі салмақта өнер көрсетті
Илья Ильин Лондон Олимпиадасында екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Жұлқа көтеруде 185 келіні, серпе көтеруде 233 келіні, жалпы 418 келі салмақты еңсеріп, серпе көтеруде жаңа әлемдік рекорд қояды. Илья - Қазақстанның тұңғыш және жалғыз екі дүркін Олимпиада чемпионы. Сондай-ақ Илья Қазақстанның жалғыз үш дүркін әлем чемпионы.
Ольга Рыпакова - Олимпиада чемпионы, үш қарғып секіру сайысы бойынша өнер көрсетті.
Серік Сәпиев - боксшы, Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы. Қазақстанның Ұлттық бокс құрамасының капитаны. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Сондай-ақ Лондон Олимпиадасының басқа да жүлдегерлеріне тоқталсақ.
Әділбек Ниязымбетов - Олимпиаданың күміс жүлдегері, боксшы, 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Даниал Гаджиев - Олимпиаданың қола жүлдегері, грек-рим күрес шебері. 84 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Марина Вольнова - Олимпиаданың қола жүлдегері, боксшы, 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Гюзель Манюрова - Олимпиаданың қола жүлдегері, еркін күрес шебері, 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Иван Дычко - Олимпиаданың қола жүлдегері, боксшы, 91+ келі салмақта өнер көрсетті.
Ақжүрек Таңатаров - Олимпиаданың қола жүлдегері, еркін күрескер, 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті