Етістік -Заттың қимылын сипаттайтын сөз табы етістік деп аталады. Қазақ тіліндегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделі және қарымы ең кең грамматикалық категория
Дара етісітіктер
Дара етістіктер құрылымына қарай түбір етістіктер және жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер деген екі топқа жіктеледі. Дара етістіктер мысалы: ек, жек, оқы, жаз, кел, аяқта, баста, қолда, арала, сабала, сүйреле, шапқыла, үймеле, кіріс, жуын, айтқыз т. б.
Түбір етістіктер
Түбір етістіктер деп арнаулы морфологиялық бөлшектері жоқ, демек, қазіргі кезде морфологиялық жағынан түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге болмайтындай етістік формалары аталады. Мысалы: аз, ал, айт, алда, арба, ат, ас, аш, ақ, бар, бас, бат, бер, без, бол, бөр, байла, баста, бақырай, де, ез, ер, ес, жет, жала, жыла, же, жел, жебе, жорт, жи, жар, жаз, жүз, жүгір, илан, тасы, тара, тос, тол, тоқы, түс, үр, ұқ, шал, шай, шаш т. б.
Бірақ, өзге түбір сөздер сияқты, етістік түбірі де тарихи дамып отырғандықтан, олардың қатары да бірте-бірте толығып, көбейіп отырған, сол себептен түбір етістіктердің ішінде бұрын ұзақ замандар бойы, туынды сөз есебінде жұмсала-жұмсала келіп, бірте-бірте түбірі мен жұрнағын ажыратуға болмайтындай болып кеткен сөздер бар. Мысалы, жоғарыдағы етістіктердің ішінен: айт (ай+т), алда (ал+да), байла (бау+ла), бақырай (бақ+ырай), жыла (йығ+ла), баста (бас+та), жорт (жоры+т) дегендерді, сондай-ақ тоқта (тоқ+та), тоқыра (тоқ+ыра), болыс (бол+ыс), сөйле (сөз+ле), тула (ту+ла), шегін (шек+ін), шегер (шек+ер) т. т. тәрізді қазіргі шақта түбір саналып жүрген етістіктерді алсақ, жақша ішінде көрсетілгендей, әуелгі түбір сөздер мен жұрнақтардан кейбіреулері деформаланбай-ақ, кейбіреулері деформаланып бөлшектенбейтін түбірлерге айналып кеткен.
Туынды етістіктер
Туынды етістіктерге, әдетте, түбірлерден арнаулы жұрнақтар арқылы жасалған етістіктер жатады. Туынды етістіктерді тиісті түбірге және жұрнаққа бөлшектеуге болады, бірақ ол туынды тұлға есебінде қолданыла береді. Мысалы: ой+ла, той+ла, тер+ле, сүр+ле, ем+де, көз+де, тоқпақ+та, іс+те, сын+а, мін+е, мол+ай, ес+ей.
Күрделі етістіктер - екі не одан да көп сөзден құралып, бір сұраққа жауап беретін етістіктер.
Күрделі етістіктердің түрлері:
Құрама етістік
Сараламалы етістік
Суреттеме етістік
Тұрақты етістік
Құрамды етістік
Етістіктің бірінші компоненті (есім) негіз болса, екінші компоненті (көмекші етістік) сол есім сөзді етістікке айналдыратын дәнекер есебінде қызмет етеді.
Мысалы: жәрдем ет, ән сал, үлгі қыл, қабыл ал т. б.
Құрама етістік
Бұл етістіктердің әрбір бөлігінде өзді-өзіне дербес лексикалық мағына бар және әрқайсысының осы мағыналары бір-бірінен кем емес, бір-бірімен парапар я тең түседі.
Мысалы: алып ал, ала кел, барып кел, бара кел, алып бар, ала бар, алып кет, ала кет, келіп кет т. б.
Сараламалы етістік
Бұл етістіктер екі я одан аса етістіктің тіркесінен құралады. Лексикалық мағынасына алғашқы етістік негіз (жетекші) болады да, оған қосылатын көсемшенің жұрнағы (-а, -е, -й, -ып, -іп) мен соңғы көмекші етістік селбесіп жетекші етістіктің мағынасын саралайтындай қосымша грамматикалық мән үстейді. Сарамалы етістік құрамындағы көмекші етістіктердің түрлі-түрлі болуларына қарай және компоненттердің сандары да, өздері де басқа-басқа болуларына қарай, олардың грамматикалық қызметтері де, грамматикалық семантикалары да сала-сала болып, амалдың жүзеге асу я өту сипаттарының әр қилы кезеңі, сатысы сияқты абстракты құбылыстарды білдіреді.
Мысалы: айтып жібер, айтып жібере қой; айтып жібере жаздап қалды; айтып көр, айта көр, айта сал, айта қой, айтып қой, айта жүр, айта біл, айта түс т. б.
Суреттеме етістік
Бұл етістіктер жетекші сөз бен көмекші етістіктен құралады. Жетекші сөз етістіктің жалаң я күрделі көсемше, есімше формасында, жалаң есімдер және есім мен етістік араласқан формаларында болады. Бұларға жәрдемші болып көмекші етістік қосылады. Көмекші етістіктердің көбі — е көмекші етістігінің түрленген формасы болып келеді.
Мысалы: барып едім, барған едің, келетін еді, түсінуші едік, ұйықтап кеткен екенмін, кешігіп қалған екенсің, келсе игі едіңдер, мұғалім едіңіздер, жас екен; бармақ болды, келмек екен, жазатын болды, келетін көрінeді т. б.
Тұрақты етістік
Бұл етістіктерге лексикаланған, идиомаланған тіркестер жатады.
Мысалы: опық жеді, таяқ жеді, құр қалды, бас қойды, ауыз жаласты, арам тер болды, қырғи қабақ болды, бетке шіркеу салды, жан алқымға алды, ауыз салды, көз салды, жек көрді, жанын қияды т. б.