Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жоғары бағалап, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан осы салаға барынша қолдау көрсетті.
Халқымызда “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөз бар. Білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігі, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екендігі белгілі. Расында да, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені шындық. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғандағы басты себебі содан. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын ұлы Абай да жақсы айтқан: “Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма”, – дейді ол.
«Қазақстан – 2030» Стратегиясында: “Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты”, – деп айрықша атап айтылған.
Бүгінгі кезеңде отандық білім берудің ұлттық моделін құруға байланысты қыруар шаруалар атқарылу үстінде. Ал, бұл мәселе төңірегінде іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына оншақты жыл болды. Қазір осыған орай республикамызда заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қайтадан құрылу жолында. Нақтылай түссек, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар жүзеге аса бастады.
“Ертеңін ойламаған ел азады” дейді халық даналығы. Барын бағалап отыратын, ұрпағына үмітке сай білім беріп, тәрбиелейтін ел озады. Ел көңілін аударған “Интеллектуалды ұлт – 2020” ұлттық бағдарламасының басты мақсаты да осы – қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу, сөйтіп бүгінгі ғаламдық дамудың арқа сүйейтін негізгі байлығы – бәсекелестікке қабілетті адам капиталын қалыптастыруға негізделген. Білімі қаншалықты жоғары мемлекеттің бүгінгі әлемдік қауымдастықта бәсекелестікке қабілеттілігі соншалықты биік болмақ. Осы жағдайда ерте бастан өркениетті мемлекеттерде интеллектуалдық бәсекелестік жүріп жатқаны даусыз.
Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің ендігі бір міндеті – жастардың білім алып қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды-үйлесімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа көзқарас ұлтты ойлануға, ойлауға үйрету арқылы қалыптан тыс көкжиекке көз жіберуге тәрбиелеу, білімді өз бетінше зерделеу, технологиялар мен инновациялардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білу бейімділігімен бағаланады. Жастарымызды осындай мақсатта тәрбиелеуге біздің зор мүмкіндігіміз бар екендігіне дау жоқ. Міне, бүгінгі интеллектуалдық мектептерге қойылатын талаптар осыларға негізделген. Ағымдағы ғасыр адамзат баласының алдына шешімі күрделі әрі іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу, кірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Соны ерте түсінген әлем елдері мен олардың білім жүйелері жаһандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен жобаларын ұсынуда. Мұны Мемлекет басшысы біліп, көріп, сол күрделі қиын кезеңнен елімізді қайткенде аман алып шығудың қамын ойластырып жүргені жалпақ жаһанға аян.
Кез келген білімнің айқын мақсат-мүддесі болады. Біздің қазіргі жағдайымыздағы оның негізгі мақсаты – елдік сана мен мемлекетшілдік рухты қалыптастыру, ұлтсыздықпен күресу, Тәуелсіздікті баянды ету болуы керек.