Ұлыстың Ұлы күні жасалатын наурыз көже жеті түрлі дәмден әзірленеді. Әр аймақтың өзіне тән жасау тәсілдері бар екендігін ескере отырып, құрамында - арпа, бидай, тары, күріш, бұршақ, жарма сияқты дәнді дақылдар, сондай-ақ ет, қазы-қарта, тұз, айран және су болады. Пісіру барысында қолданылатын жеті ингредиентті жіті таңдап қосқан жөн. Қазақ халқы жыл сайынғы "қысқа дайындық" деп дайындаған соғым етті сүрлеп, көк шыққанда әз Наурызда көжеге қосу үшін бөліп қоятыны белгілі. Бұл еттің дәмі жаңа сойылған малдың етінен өзгеше, өзіне тән ерекше бір дәмі болады. Наурыз көженің дәмін шығаратын да осы сүрленген ет. Дәнді дақылдарды қосу ретін де білген абзал. Алдымен бидай, кейін күріш пен жарманы, артынан тарыны салып, еті сүзілген сорпада қайнатады. Қайнау барысында сүрленген еттің тұздылығын да ескере отырып тұз қосады. Ең соңында піскен етті турап, сорпаға қайта қосады да, артынан айран қатады.