Пожалуйста можете понятно перевести:
Қаржы(фр. finance, лат. finantia— аяқтау, төлем туралы бұйрық; қолма-қол ақша, табыс) — мемлекеттің аймақтардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, заңи және жеке тұлғалардың ақшалай қаражатының құралуы, бөлінуі, қайта бөлінуі, пайдаланылуы үдерісін сипаттайтын іргелі, қорытындылаушы экономикалық санат (категория), осы үдеріс барысында туындайтын ақша қатынасы; ақшалай қаражаттың қозғалысына байланысты мемлекет, кәсіпорындар мен ұйымдар, салалар, аймақтар, жекелеген азаматтар арасында пайда болатын экономикалық қатынастардың жиынтығы. Қаржы санаты қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйені көрсетеді, осы жүйе жағдайында және құрамында қаржы жүйесі әрекет етеді. Ақша қатынастары қаржы қатынастарын қалыптастырады, бірақ ақша қатынастарының бәрі бірдей қаржы қатынастары болып табылмайды, тек олардың ақшалай қаражат қорларының жоспарлы түрде құралуымен, бөлінуімен, пайдаланылуымен байланысты бөлігі ғана қаржы қатынастары болып табылады, мысалы, жеке тұтынуға, айырбастауға жұмсалатын ақшалай қаражат (бөлшек сауда тауар айналымы, көлік, коммуналдық, тұрмыстық, ойын-сауық қызметтеріне, сондай-ақ қоғамның жекелеген мүшелері арасындағы сатып алу-сату үдерістеріне жұмсалатын ақша енгізілмейді). Қаржы қоғамдық өндірісті басқарудың экономикалық әдістерімен тығыз байланысты, олардың құрамына кіреді, экономиканы басқарудың барлық жақтарына ықпал етеді.Мемлекет пен кәсіпорындар арасындағы, кәсіпорындардың (фирмалардың) арасындағы қаржы қатынастары маңызды рөл атқарады. Алғашқы жағдайда олар мемлекеттік бюджетке төлемдер, салалық не аумақтық деңгейлердегі ұйымдардың түрлі қорларына аударымдар жүйесін қамтиды, екінші жағдайда өндірістік кәсіпорындардың арасындағы, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтау, бөлшек сауда, қызмет көрсету саласы ұйымдарының арасындағы өзара байланыстарды қамтиды.