Достық туралы
Бір дос бар мұрныңнан қан кеткенше,
Бір дос бар астыңнан тақ кеткенше,
Бір дос бар басыңнан бақ кеткенше,
Бір дос бар қораңнан мал кеткенше,
Бір дос бар кеудеңнен жан кеткенше, деген қазақ халқының бүгінгі замандағы достарының бейнесі осылардың қайсысынан табылады? Жалпы дос деген не? Өмірде достықтың алар орны қандай? Досың сені көрге сүйрей ме, төрге сүйрей ме? Менің өз ортамда сенімді адал досым бар ма? Осы сұрақтар кез келген адамды мазаламай қоймайды. Расында осы достық деген не? Алдымен соған тоқталайық.
Дос адам жанының айнасы тәрізді. Себебі адам өзі қандай болса, дәл сондай жанына жақын жанды іздейді. Ойы, арман-тілегі, мақсат, ең бастысы өмірдегі құндылығы бір адамдардың шынайы дос болып, өмір бойы араларынан қыл өтпейді.
Достық адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Дос-жарандардың мінездері әр түрлі болып келуі мүмкін. Мысалы, біреуінде қызбалық не шабандық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта нағыз достық осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі. Сатқындық, екі жүзділік, өтірікшілік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер жеткілікті: “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”, “Досы жақсының, өзі де жақсы”, “Дүниеде адамның жалғыз қалғаны өлгені, қайғының бәрі соның басында”. Достыққа қарама-қарсы ұғым қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік алдырғандар басқаның қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көтере алмайды, дос дегеннің не екендігін білмейді. Дұрыс дос таңдай білу өмірлік мақсаттардың бірі.
Барлығымыз арамызға достықтың дәнін егіп, ол ағашымызға қарап суландырып тұрсақ арадан қанша уақыт өтседе ол ағашымыз жайқалып, жапырақтары қаулап өседі. Өмір болған соң бірде мұңайамыз, бірде қуанамыз. Кейде көңілің жабырқап достарыңды аңсаған шағыңда сол ағаштың саясына барып, көлеңкесіне бір демалып қайтсаң, мауқың басылып, өзіңе бір үлкен тірек тапқандай болып қайтасың. Сондықтан барлығымыз арамызға достықтың дәнін егіп шырмауықша шырмалып өсірейік.