Жапондықтар — дүниежүзі бойынша ұзақ өмір сүруден бірінші орынды иеленіп отырған халық. Жыл сайынғы ұзақ өмір сүруші елдер арасында жүргізілетін зерттеулер бойынша, ерлердің жас ұзақтығы 78,07 жас болса, әйелдердің жастары одан гөрі ұзақтау. Орта есеппен алғанда — 84,93 жас.
Жапондар өздерінің бұлай ұзақ жасау себептерін «Джапан тудей» журналында былай деп түсіндірді:
1. Аз мөлшерде болса да, жеміс-жидек пен көкөністі күнделікті жеуге тырысыңыз. Әсіресе, ашық жасыл, ашық сары түсті көкөністер мен жеміс-жидектерді көп жеу керек. Мысалы, сәбіз, мандарин, алма және басқалар.
2. Адам ағзасына, әсіресе жасы ұлғайған адамдарға май қажет. Май болғанда, зығыр майы мен күнбағыс майы. Бұлардың құрамында адам өмірін ұзартуға қажетті аса бағалы қышқыл бар. Сондықтан күніне 1 шәй қасық зығыр немесе күнбағыс майын ішіп отырсаңыз, жетіп жатыр. Сары майға шектеу қою керек. Ет пен ірімшікті де аз пайдаланыңыз.
3. Күнделікті ұйқыдан тұрғанда немесе уақытыңыз болғанда жаттығу жасап, дене еңбегімен көбірек айналысқаныңыз жөн. Демалыс күндері қала сыртына шығып, таза ауада серуендеуге көбірек уақыт бөліңіз.
4. Әр нәрсені ойлап, қайғыра беру ағзаңыздың физиологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан кей жағдайға қапаланып, ұсақ-түйекке бола ашуланып, жүйкеңізді жұқарта бермеңіз. Керісінше, өзіңізді қуантып, көңілді жүруге тырысыңыз. Ғалымдардың мәлімдеуінше, тез ашуланып, қайғыра беретін адамдардың иммундық жүйесі адам ағзасын қатерлі ісіктен және әртүрлі жұқпалы аурулардан сақтандыратын жасушаларды бөліп шығаруын тоқтатады екен.
5.Ұйқы адамның жүйке жүйесінің, ағзасының демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жүрек соғысын реттеп, қан қысымын түсіреді. Және гормонды сұйықтар жүйесін қалпына келтіреді. Тіпті, денедегі зақымданған жаралар ұйықтаған кезде тез жазылады екен. Сондықтан көп ұйықтаудың да зияны жоқ екенін ескергеніңіз жөн.
6. Жұмыстан шаршап келген кезде бірден-бір демалатын орныңыз өз бөлмеңіз болғандықтан, бөлмеңіздің тазалығына, заттар мен жиһаздардың орналасуына жіті мән беріп, жиі желдетіп отырыңыз.
7.Шектен тыс тоя тамақтанудың өзі адам өмірінің қысқа болуына әсер ететін бір фактор болғандықтан, ас ішкенде қомағайланып, тыңқия тоюдың қажеті жоқ.
8. Үнемі күліп, көңілді жүріңіз. Адам күлген кезде бетінің бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, диафрагма мен асқазанның жұмысы да жақсарады. Сонымен қатар, жасушадағы ауа алмасу процесі жақсарып, тыныс жолдары ашылады.