Соңғы жылдары қалада мәдени-ағарту мекемелері желісі едәуір көбейді. 3 театр, 23 кітапхана, 5 мұражай, 1 клуб мекемесі, 2 кинотеатр, Мемлекеттік филармония, 2 сарай, 3 балалар музыка мектебі, өнер мектебі, көркемөнер мектебі жұмыс істейді.
Халықты спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға тарту мақсатында өткен кезеңде жаңа спорт кешендері ашылды және балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне (БЖСМ) күрделі жөндеу жүргізілді. Халыққа қызмет көрсетуге 25 спорт-сауықтыру кешендері іске қосылды.
Қалада ақпараттық инфрақұрылым қалыптасқан және оның дамуы жалғасуда. 2001—2005 жылдар кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) саны 78-ден 169-ға дейін (77 газет, 82 журнал, 7 телерадиокомпания, 3 ақпараттық агенттік) өсті. Олардың ішінде 25 БАҚ ағылшын, неміс, украин, татар тілдерінде шығады. Сонымен бірге мемлекеттік емес БАҚ-тар үлесін арттыру үрдісі байқалып отыр, бұл қазіргі уақытта 66 %-ды құрайды. Ақпараттық саясатты іске асырудың маңызды құралы мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік БАҚ-қа да орналастыру болып табылады. Ақпараттық саясат медиажоспарларға сәйкес іске асырылады.