Ответ:
Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.
Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді — Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Астаналық тұрғындардың орташа номиналды айлық жалақысы 154 мың теңге шамасында.
Елорда құрылыс ауқымы жөнінен де көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Астана құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты.
Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.