Боран түрлері
Қыстың қаталдығын көрсететін табиғи дүлей күштің бірі – боран. Қарды бұрқыратып, ұйытқып соғатын күшті жел ретінде танылатын боранды қазақ халқы оның дүлей күшіне қарай, ашуына қарай, бағытына қарай, уақытына қарай, ұзақтығына қарай түрліше атайды.
Ақ боран – көз ашқысыз, желдете жауған қарлы боран.
Ақ түтек боран – алай-түлей түтеген боран.
Ақ шұнақ боран – бір мезгіл соғатын шыңылтыр аяздағы қарлы боран.
Аққұйрық боран – құрғақ аязды күні қарды ирелеңдете, бұралаңдата соғатын боран.
Ақ жорға – қысқы аязда жоннан ойға қарай соғатын, қарлы бұрқасын, боран.
Алай-түлей түтеген боран – ұйытқыған немесе бората соққан қатты жел.
Алақаншық боран – бір бәсеңдеп, бір ұйытқып соққан боран.
Дауыл боран – осқырған жел.
Долы боран – екіленіп соғатын боран.
Жаяу боран – жаңа түскен үлпек қарды жер бетінен не қатқан қар үстінен үрген еспе боран.
Жөпшеңді боран – кәдімгі боран.
Қара боран – түтеген шаңды аспанға көтеретін боран.
Құм боран – құмды, топырақты суырып, ұйытқи соғатын боран.
Майлы боран – қойны-қонышқа кеулеп соғатын қарлы боран.
Сұрапыл боран – қаруы қатты боран.
Сырғыма боран – қарды үрлеп жер бауырлай соғатын боран.
Тас боран – суырып соққан күші қатты боран.
Тентек боран – бір күшейіп, бір басылып соғатын боран.
Түтек боран – алай-түлей боран.
Ұйтқыма боран – ұйытқи соққан қарлы боран.
Үскірік боран – құрғақ, суық боран.
Ызғырық боран – өңменнен өтер ызғарлы боран.