Уақыт – біздің өміріміз. Уақыт өмірімізден бөлек емес, уақыт пен өмір арасындағы байланыс күн мен оның сәулесі, ағаш пен жемісі, көз бен көру арасындағы байланыс секілді өте тығыз. Басқа жаратылыстарды айтпағанда, адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екеніне ешқандай талас жоқ. Уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу. Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да. Менің жаным ашиды бұл өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға!- дейді Мұқағали Мақатаев. Расында кейбір адамдар уақытты өміріміздің ұрысы деп есептесе, бірі уақытты ұлы ұстаз дейді. Ал мен уақытты ұстаз санайтын қауымның қатарынанмын. Уақыттың мені сүріндірген кезі болған емес дей алмаймын. Алайда қолдаған, басымнан сипап көтерген сәті аз емес. Ес біліп, етек жинаған сәтімнен бастап саналы әрекет етуіме, сылбыр ойға жол бермеуіме, ақыл таразысына абай болуыма әсер еткен отбасымдағы тәрбие десем, тәрбиенің бойыма сіңімділігіне әсер еткен уақыт пен оның төрелігі дер едім. Уақыт – менің өмірім. Мен уақыттан, ол менен ажырай алмаймыз. Ширек ғасырға жетпейтін жиырма жылдық өмірімді уақыт таразысына салып қарасам, ол мені біраз есейтіпті. Бір түйгенім: уақыт бізге жаңа болып көрінген нәрсенің бәрін ескіртеді екен. Сыйлаған қуанышы мен қайғысының төрелігін өзі беріп, емін де өзі жасайды. Біздің қолымыздан бәрі келеді. Біз біраз нәрсені жасап өзгерте аламыз. Тек уақытты емес. Біз уақытқа ешқашан әсер ете алмаймыз. Адам баласының ғаламшарға бір-ақ рет келетін қонақ екені барлық пендеге белгілі жай. Мұны әлемдік заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов «Өмір – бар табиғатымен трагедия, адам баласы көзін ашып пәниге келген сәттен бастап өлімге біртіндеп таяй береді»,– деп қорытындылаған. Ұлы жаратылыстың шетсіз де шексіз уақыт өлшемі бойынша қарағанда бір адамның бұл дүниеде ұзақ ғұмыр кешуінің өзі қасқағым сәттей ғана іс. Тіршіліктің басымен аяғына бағамдай қарасаңыз, адам өмірінің алтын дәуірі, нәтижелі, мағыналы, саналы ғұмыры тіпті қысқа. Жер бетінде су ішері көп болып, жүз жасаған адамның балалық шағындағы жиырма жылымен қартайған тұсындағы қырық жылын шығарып тастасаңыз оның мағыналы, мәнді ғұмыры, алтын дәуірі тек қырық жыл ғана болмақ. Талайына бұйырған алтын дәуірі ұзын не қысқа болсын, оны алтындай ардақтап, өз биігінде оңды пайдалана алған зерделі жандар артына мәңгілік өшпестей із қалтырып кетеді, ал өмірін санасыз мақұлықтай, сенделіп өткізетін зердесіз жандар өзінің адамдық, азаматтық борышын да өтей алмай артына ешбір із, белгі қалдыра алмай кетеді.