1) Тартылды,2) апатты аймаққа,3) құрғап қалды,4) желмен тарайды,5) ыстық
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының (бұрынғы Семей облысы) Шыңғыстау бөктеріндегі Қасқабұлақ деген елді мекенде дүниеге келді. Мұхтар туылғанда, Абай елу екі жаста, есімі елге кеңінен тараған атақты ақын еді. М.Әуезов Абайды өз көзімен көреді. Жастайынан Абай өлеңдерін жаттап, ауылдағы ескі құлақ қариялардан аңыз-ертегілерді, жыр-дастандарды жалықпай тыңдап, Абай мектебінен осылайша тағлым алады; ұлы Абай поэзиясының асыл қасиеттері жас Мұхтардың жүрек түкпіріне сөз өнерінің ұрығын терең сеуіп, келешекте шешек атып гүлдеуіне негіз жасайды.Жас Мұхтар Семей қаласындағы медреседе, бес кластық орыс мектебінде, оқытушылар семинариясында (1914-1919) білім алады. Бұл кез Семей қаласының қазақ даласындағы рүхани-саяси орталықтардың біріне айнала бастаған уақыты болатын. Осындағы оқыған қазақ жастарымен, әсіресе ұлт азаттығын мақсат тұтқан алашордашылармен қоян-қолтық араласудың барысында семинарист Мұхтардың ұлттық сана-сезімі жетіліп, біржола халықтық, ұлттық жолға түседі. М. Әуезов осы жылдарда қалыптасқан ұлттық-халықтық бағыттағы азаматтық бет-бағдары үшін өмір бойы (әсіресе 30,50-ші жылдары) кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, әупірім-тәңіріммен аман қалып отырды.М. Әуезов оқуын бітірісімен бұрқ-сарқ қайнап жатқан қоғамдық өмірге белсене араласып кетеді: Семей губерниялық атқару комитетінде председательдің орынбасары, соңынан төрағасы болып, Орынборда КАЗЦИК-тің орталық аппаратында істейді. Ленинград университеті қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөлімін (1923-1928), Ташкенттегі Орта Азия университеті түркітану бөлімінің аспирантурасын (1928-1931) бітірген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында (1932-1933), С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (1934-1955), М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде (1954) оқытушылық, КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Тіл-әдебиет және тарих институтының әдебиет секторында аға ғылыми қызметкер (1943-1945), Қазақ әдебиеті секторының меңгерушісі (1946-1956), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институты халық творчествосы бөлімінің меңгерушісі (1957-1961) қызметтерін атқарады.Жазушының мәдениет, әдебиет мәселелеріне араласып, баспасөз бетінде мақалалар жаза бастауы аласапыран кезең – Қазан төңкерісіне тұспа-тұс келді. Бұл алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларын отаршылдық езгіде есеңгіреген елдің ертеңі ойландыра бастаған уақыт болатын.