Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693-1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі ? жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған. Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен саралаған М.Әуезов: «Жырау... заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді... Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді. Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7-8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше «Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі.
Роза Рымбаева Шығыс Қазақстан обылысындағы Жаңғызтөбе станциясында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1974 жылы Семейдегі музыкалық училищеге түсіп, мұнда 3 жыл оқиды. Бұдан кейін Алматыдағы театралдық-көркем өнер институтында оқып, оны 1984 жылы тәмамдайды. Алматы қаласындағы театрлық көркемдік институттың музыкалық драмалық комедиясы факультетін бітірген.
1976-1979 жж. Республикалық Гүлдер жастар – эстрадалық ансамблінің солисі, 1977 жылы «Алтын Орфейді» жеңіп алады. 1979 жылы - «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы «Арай» эстрадалық ансамблінің солисі. Әншінің халықаралық белгілі болуы С. Бәйтерековтың «Әлия» әнін орындауынан басталады. 1979 жылы Роза Рымбаева Ыстамбұлда өткен халықаралық әншілер байқауында лауреат атанды, 1983 жылы Кубада өткен «Гала – 83» халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алады. 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанады. Оның орындауындағы қазақ композиторлары Т. Ерешевтің «Гүлдене бер, туған жер», Н. Тілендиевтің «Куә бол», Б. Байқадамовтың «Айгөлек», Ж. Тұяқбаевтың «Атамекен», Т. Сарыбаевтың «Отандастар» әндері тыңдаушылардың үлкен ықыласына бөленген. «Бір бала», «Сәулем-ай», «Кебек», «Назқоңыр», «Әгугай» және т. б. сияқты халық әндерін ол өзіндік ерекшелікпен орындайды. Роза Рымбаева сондай-ақ, киноактриса ретінде де танымал.