Біздің қазақ халқы сол Ұлы Отан соғысы жылдарында қай жерде мерт болғанын білмей, із-түзсіз жоғалтқан аға-бауырларын әлі күнге дейін сағына іздейді. Сағынышпен еске алып отырады. Соғыс сызы әлдеқашан естен шыға бастаса да, кеудедегі сартап сағыныш, о шіркін, әлі де үзілер емес. * * * Ілгеріде… Қызылордадағы жастар ұйымының бөлім басшысы қызметін атқарып жүрген шағымызда туған інімдей боп соңымнан ерген бір бауырым – нұсқаушы Ниятолла (өзі осылай атағанды ұнататын) Раманқұлов маған әлі сиясы кеппеген бір өлеңін асыға-алқына оқығаны бар. Өзім әлдебір қарбалас жұмыс жайымен сапырылысып жатсам, ол да жағадан алып: – Тыңдашы, ғажап жыр! – дейді. – Өткір өлең… Ызғарлы өлең… – Е, қойшы! Осы күні өлең тыңдап отыратын уақыт па екен, – деймін оның алқынған көңілің баса сөйлеп. Ниятолла сонда да қайтар емес. Ақыры оқыды. Тыңдамасыма қоймады. Сондағы саңқылдап оқыған ұзақ өлеңінің бір шумағы ғана есімде сақталып қалыпты. Жыр соғыс туралы болатын. Дәміндей ерменнің, Бойға ащы тарады. Соғысты көргеннің Бәрі де жаралы… деп түйіндеп еді. Осы жолдар, неге екені белгісіз, әлі күнге дейін есімнен шықпай, соғыс туралы сөз болса, үнемі тілімнің ұшына орала беретіні бар. Таяуда Сыр елінен Астанаға мені іздеп келген Амангелді аға Әбзәлиев хабарласты. Бұл кісі кешегі Ұлы Отан соғысында майданнан оралмаған ақын-жауынгер Әбзәли Егізбаевтың ұлы. Әкесі соғысқа аттанғанда небәрі 4-5 жасар бала екен, әке бейнесін де еміс-еміс елестетеді. – Сені іздеу себебім, – дейді ағам. – Мына әкемнің артында қалған жәдігер жырлар топтастырылған кітапты бере кетейін деп едім. Бар жұмысым осы. Сосын Әбзәли Егізбаевтың бір томдық өлеңдер жинағын алдыма қойды. «Сырдария кітапханасы» сериясымен басылыпты. «Фолиант» баспасы арқылы әсем безендіріліп, көркем етіп шығарылыпты. Кітапты қолыма алып, ақырын сипалап көрдім. Бұл жай өлеңдер жинағы емес, қанды майданға қатысып, жанбай – жоғалмай оралған өршіл жырлар ғой, деймін дауысым дірілдеп. – Тек майдан жырлары емес, мұнда 1937-жылдардағы жазықсыз жапа шеккен жандардың мұң-наласы да көркем кестеленіп көрініс тапқан, – деді Амангелді аға. – Әкем соғысқа аттанғанға дейін де бірқатар өлеңдер жазыпты. Біз соны іздеп жүріп тауып алдық. Содан соң маған тағы бір кітапты ұсынды. «Біз сенің өміріңнің жалғасымыз» деп аталады екен. – Бұл, – деді аға, – артында қалған ұрпақтарының ұзақ жылғы сағыныш сезімі, ыстық ықыласы, һәм жүрекжарды сөздері жазылған жинақ. Бұны да оқып шығарсың. – Өзіңіз жаздыңыз ба? – Өзім жазған дүниелер де бар, ағам Нағмеддиннің әке туралы толғанысы бар, басқалардың естелік-мақалалары да молынан берілген. Ең бастысы, бұл кітапта әкемнің өшпес рухы атой салып айқайлап тұр. * * * 1941-45-жылдардағы қанқұйлы соғыс кезінде опат болған әкелер мен апалар ұрпағы, айтатыны жоқ, осы күні жаны жабырқау тартып, әрдайым-ақ кермек сезімді бастан кешеді. Олар өткен өмірлерін сөз еткенде қолқасы қысып, кеуделерінен суық ызғар соғады. Амангелді Әбзәлиев аға екеуміз аз ғана уақыт тілдескен сәтте байқағаным – азаматтың асыл жүрегі жаралы. Жасы жетпістен асса да, әке туралы толғана сөз бастаса, еріксіз дауысы дірілдеп, жанары жасаурайды. Әбзәли Егізбаев Сыр бойындағы Қармақшы елді мекенінде 1907 жылы дүниеге келген екен. 1930-жылдардан бастап бірнеше жыл комсомол, кеңес жұмыстарында әртүрлі деңгейдегі қызметтерде болады. Ал 1933 жылы біржола ұстаздық жұмысқа ауысады да, 1937 жылы орта мектептің директоры қызметіне тағайындалады. Дәл сол қызметте жүрген шағында оған «халық жауы» деген жала жабысты. Аяғында істі болып, жер ауып кете барады. Тағылған қылмысы – «мектеп жөндеу жұмыстарын қасақана ұзартқан», «ауданға мектепте оқитын бала санын азайтып көрсеткен», тағы сол секілді майда-шүйде нәрселерді тізіп-тізіп көрсеткен. Осылайша, жазықсыз жапа шеккен асыл азамат біраз жыл азап көріп, әзер дегенде ақталып, елге оралған бетте соғыс өрті тұтанып жүре береді. Сосын шұғыл түрде әскерге шақырылып, соғыс даласына аттанады. Том, Воронеж, тағы басқа да бірнеше қалаларда жаумен болған қиян-кескі ұрыстарға талай рет кіріп шығып, бәрінен де аман қалып, шыбын жанын олжа көрген жауынгер жігіт 1945 жылы елге қайтуға дәмеленіп, буынып-түйініп отырғанда, Шығыс майданына, Жапония жеріне баруға бұйрық түседі. Міне, осы Қиыр Шығыста болған күндерінде Әбзәли Егізбаевқа оқыстан оқ тиіп, қаза болса керек. Жеңістің жалауы желбірегелі тұрған кезде есіл ер қапыда көз жұмады. Жүрегі жырға толы азаматтың фәниден аттанардан аз ғана бұрын жазған бір жырында мынадай жолдарда өмір сүрген