Отырар – аты аңызға айналған ортағасырлық қала орны, ұлылар дүниеге келген қасиетті мекен. Ол тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб деп те аталып келген. Ежелгі қала Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Отырардан шыққан жол Таразға, Баласағұнға, Шығыс Түркістанға апарады. Одан ары Сырдария арқылы жүріп, ежелгі Шашқа, Соғдыға және Мерв пен Нишапурға, Арал жағалауы мен Жайыққа жеткізеді. Батыста Қызылқұм арқылы Хорезмге, одан әрі Еділ бойына, Қара теңіз жағалауы мен Кавказға апарады.
Белгілі ортағасырлық географ Якут: «Сейхунның (Сырдарияның) сыртындағы Турарбанд... Шаштың Мауереннахрға шектесетін ең қашықтағы қаласы. Халық оны әртүрлі атайды, Тұрар және Отырар дейді», - деп жазған.
Арабтардың Орта Азия мен Қазақстанның Оңтүстігін жаулап алуын сипатайтын мәліметтерде Отырар – Фараб осы аттас аймақтың астанасы ретінде аталады.
ХI-Х ғасырларда Сырдариядағы этникалық араласулармен сипатталады. Оғыздар мен қарлұқтар қаңлылардың бір тобын ығыстырып шығарды. Ибн Хордабектің: «Фараб қаласында мұсылмандар мен қарлұқ түркілерінің отрядтары қатар тұрды», - деп жазуы кездейсоқтық емес.
Х ғасырдың басында оғыздар Сырдарияның орта ағысын, Арыс жазығы мен Қаратау бөктерін иеленді. Оларға Сауран, Сүткент, Арсубаникент, Қарашық және Фараб қалалары бағынды.
IХ-ХII ғасырлар Қазақстанның оңтүстігінде қалалық өмірдің өркендеу кезеңі болды. Жаңа қалалар пайда болып, ескілері ұлғая түсті. Қалалардың көлемі сауды-қолөнершілік қоныстар – рабадтардың есебінен ұлғайды.
Қаланың өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне моңғол шапқыншылығының зияны орасан зор тиді. Қала күл-талқан болып қиратылды, тұрғындарының біршама бөлігі басы ауған жаққа кете барды, біршамасы сол арада қырылып қалды, енді біршамасы құлдыққа әкетілді. Моңғолдардың атты әскері бүкіл Қазақстан аумағында қирату мен апатттың қайғылы толқыны болып өтті. Дегенмен де Отырар қайта көтерілді.
ХIII ғасырдың ортасына қарай Отырар ірі сауда орталығына айналды. Қала шақа соғу орталығы ретінде танылып, оның теңгелері Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне кең тарады. ХIII-XIV ғасырларда қалада ірі қоғамдық ғимарттардың құрылысы жүргізілді. Ерден ханның тұсында мұнда медресе, мешіт тұрғызылды.
Отырардағы қазба жұмыстардың нәтижесінде табылған материалдар қаланың XVI-XVIII ғасырлардағы өмірінен нақты мағлұматтар береді.