Күй атасы домбыра
Домбыра қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра" демекші, ол – қазақ халқының өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра, кейін аспаптық шығарма күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра – қазақтың халық аспабы. Домбыра қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.
Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді.
Домбыраның екі түрі бар батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйші, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Қазақтың қазақтығын көрсететін ол бірден бір домбыра болып табылады. Тіпті осы киелі аспаптың бағасын халықаралық дәрежедегі ғалымдар да ақын, жазушылар да айтып кеткен. Александр Ефимович Алекгоров: Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім! Сұлтанмахмұт Торайғыров: Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады. Міне, Сұлтамахмұт Торайғыров айтып кеткендей қазақ домбырасын еш уақытта қолынан тастаған емес.
Күй өнері қазақ халқының ең басты рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті түрі. Бұрынырақта Арал-Шалқар өңірінде ауылдағы ірілі-уақты той-томалақтарда, шал-шау¬қанның басы қосылып бір үйде мәслихат, мәжіліс құрып отырғанда солар ортаға ауылдың бір күйшісін алдыртып, күй тыңдайтын. Бұл аймақта екінің бірі дерлік не домбырамен ән салып, не күй тартатын. Сонда сол шалдардың ішіндегі ең бір әу деп ән салмайтыны, дың еткізіп домбыра тартпайтынының өзі (домбырада ойнайды емес) әлгі күйдің ырғағына беріліп, көзін тарс жұмып алып, анда-санда «беу, дүние-ай» деп қойып, енді бірде екпіндеткен, дауылдатқан, жауға қарсы аттандаған ереуіл күйлерге еліріп, отырған орнынан қопаңдап түрегеп кете жаздайтынын талай көргенбіз. Оның сырын енді ғана түсініп жүрміз. Сөйтсек, күй дегеніңіз қазақтың бүкіл тарихының шежіресі, жүрек лүпілінің жазбасы, жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласы екен ғой.
Иә, күй қосыла алмай шерменде боп өткен қос жүректің өкініш пен өксікке толы үздіккен үні, қайғы-қасіретке душар болса, зары мен мұңының, азаттық пен еркіндік (тәуелсіздік, егемендік емес) үшін қан кешіп, жан беріп, жан алысқан арпалысқа толы сәттерінің ең шебер, ең бір сырлы шежірешісі болып келген еді.