Қасым ханның сыртқы саясаты.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды.Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарихи-Рашиди», «Шайбани», т.б. деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, Қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген.ХVІ ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде хандықтың шекарасы Оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды.
Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым- қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандары әр дәуірде елдің ішкі-сыртқы жағдайында туылған өзгерістерге үйлесіп, икемді сыртқы саясат қолданылып отырды.
Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі ұлы Князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Москва мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Еуропаға мәлім болды.